Астаналық оқушы 2 айда шағын ноутбук құрастырды

Елордадағы №119 мектептің 10-сынып оқушысы Аят Тәжен заманауи технологияларға деген қызығушылығы мен табандылығының арқасында ерекше жобаны жүзеге асырды. Ол Raspberry Pi платформасын пайдаланып, шағын компьютер құрастырып, оны толықтай бағдарламалап шықты.
Жас өнертапқыш дайындаған құрылғы арнайы тестілеуден өтіп, оның жұмыс жылдамдығы, интернетке қосылу мүмкіндігі және энергия тұтыну көрсеткіштері жан-жақты тексерілді. Нәтижесінде құрылғының оқу процесінде және күнделікті қарапайым тапсырмаларды орындауда тиімді қолдануға болатыны анықталды.
Жобаны жетілдіру мақсатында Аят одан әрі ізденіп, Raspberry Pi негізінде шағын портативті ноутбук құрастыруды қолға алған. Ол ноутбук корпусының өлшемдерін есептеп, 3D моделін жасап шықты. Кейін бұл модель 3D принтерде басып шығарылып, барлық ішкі құрылғылар корпусқа мұқият орналастырылды. Осылайша небәрі екі айдың ішінде толыққанды шағын портативті ноутбук дайын болды.
Жоба жетекшісі Айбала Сарбасованың айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып қана қоймай, инженерлік ойлауын дамытып, ақпараттық технологияларға деген қызығушылығын күшейтеді.
Аят Тәжен тек бұл жобамен шектелмей, сабақтан тыс уақытта Web-жобалау, 3D-модельдеу және бағдарламалаумен белсенді айналысады. Ол Python, C++, Lua және Dart тілдерін меңгеріп, өзінің техникалық әлеуетін күн сайын дамытып келеді.
Астаналық оқушының бұл жетістігі – жас буынның ғылым мен технология саласына деген қызығушылығы артып келе жатқанының айқын дәлелі.



