Елордада жаппай тазалық жұмыстары басталды
Бас қалада қыс мезгілінен кейінгі ауқымды санитарлық тазалау жұмыстары басталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта елорданың барлық ауданында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, көпірлер, автомобиль жолдары, тротуарлар, қоршаулар мен жол белгілері жуылып, қаланың инфрақұрылымы ретке келтірілуде.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларында, гүлзарлар мен саябақтарда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстардың қатарында жасыл желектерді бұтау да бар.
Қала басшысы ауа райы толық жылынғаннан кейін абаттандыру, көгалдандыру және жол салу мен жөндеу жұмыстарының қарқыны одан әрі күшейетінін атап өтті.
Өткен жылы елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылған. Биыл да осы бағыттағы жұмыстарды жоғары деңгейде жалғастыру жоспарланып отыр.

