Қалада екі жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

Астанада құқық қорғау қызметтерін халыққа жақындату мақсатында «Нұра» және «Алматы» аудандарында екі жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
№53 учаскелік полиция пункті «Нұра» ауданында Қайым Мұхамедханов көшесі, 23 мекенжайында, Anisa тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Оның аумағы 129 шаршы метрді құрайды, 5 қызметтік кабинет бар. Ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова мен мәслихат депутаты Нұрлан Мүслім қатысты.
Ал №8 учаскелік полиция пункті «Алматы» ауданында Тәуелсіздік даңғылы, 40 мекенжайындағы «Байтас»тұрғын үй кешенінде орналасқан. Пункттің аумағы – 53,4 шаршы метр, мұнда 3 қызметтік кабинет қарастырылған. Іс-шараға аудан әкімі Рүстем Тәуекелов қатысты.
Жаңа пункттер полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жабдықпен қамтылған. Оларға бейнетіркегіштер мен қызметтік көліктер берілген. Қызмет көрсетілетін аумақтарда елшіліктер, балабақшалар және білім беру мекемелері сияқты маңызды нысандар орналасқан.
Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев бұл бастаманың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа пункттер халықпен байланысты күшейтіп, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді әрі қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

