Астанада жедел жәрдем қызметкерлеріне есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізілді
«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында қалалық прокуратура, Полиция департаменті және әкімдік бірлесіп, Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Іс-шара барысында жүргізушілер мен медицина қызметкерлеріне есірткінің алдын алу, сондай-ақ еңбек заңнамасының нормалары түсіндірілді. Қатысушыларға нақты жағдайлар мысал ретінде көрсетіліп, бейнероликтер ұсынылды.
Жыл басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 200-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, есірткі сатумен айналысқан адамдарға қатысты 100-ден астам іс тіркелген. Заңсыз айналымнан шамамен 100 келі есірткі тәркіленді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттерге көбінесе жастар тартылуда. Әсіресе синтетикалық есірткілер аса қауіпті, себебі олар адамды тез тәуелділікке әкеледі және интернет арқылы кеңінен таралады.
Мамандардың мәліметінше, ұсталғандардың кейбірі өздерінің заңсыз әрекетке қатысып жатқанын білмеген. Ал «курьер» ретінде жұмыс істеу көп жағдайда екі айдан аспайды.
Наркологтардың айтуынша, синтетикалық есірткіге тәуелділік кейде бір рет қолданғаннан кейін-ақ қалыптасуы мүмкін.
Құқық бұзушылар есірткіні тарату үшін түрлі тәсілдерді қолданады: граффити жазулар, QR-коды бар билбордтар, парақшалар және интернет сайттар. Жыл басынан бері осындай 400-ден астам интернет-ресурс анықталған.
Полиция есірткі қылмыстары ауыр және аса ауыр санатқа жататынын ескертеді. Мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан басталады. Заңға сәйкес, есірткіні сақтау, тасымалдау немесе сату 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Егер сізге есірткі сақтау немесе тарату фактілері туралы ақпарат белгілі болса, Астана қаласы Полиция департаментінің арнайы сенім телефондарына хабарласа аласыз: 71-63-93 немесе 102.
Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметкерлері күн сайын қауіп-қатері жоғары жағдайда жұмыс істейтіні атап өтілді. Осыған байланысты олардың қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа шаралар енгізілуде. Атап айтқанда, барлық жедел жәрдем бригадаларында аудиомониторинг жүйесі іске қосылған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қарсы күш қолдану немесе қорқыту үшін жауапкершілікті күшейтетін жаңа бап енгізілді.



