Спорт

Астанада өткен халықаралық турнирде елордалық құрама жеңімпаз атанды

Астана қаласында қыздар баскетболы бойынша маңызды халықаралық дода сәтті аяқталды. Қаладағы заманауи «Sana Sport» спорт кешенінде 18 жасқа дейінгі қыздар командалары арасында Азия Кубогына Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі – FIBA U18 Women’s Asia Cup CABA Qualification өтті.

Аталған жарыс құрлықтық деңгейдегі беделді турнирге жолдама беретін шешуші кезеңдердің бірі саналады. Биылғы іріктеу сайысына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан ұлттық құрамалары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир ойындарын Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы барып тамашалап, жас спортшыларға қолдау көрсетті.

Қазақстан құрамасының сапында елордалық «Astana Tigers» клубының жеті ойыншысы өнер көрсетті. Олардың қатарында Ыбрай Кәусар, Ерлан Шахида, Дымовских Лиана, Богашева Арина, Сатжанова Қарақат, Гордеева Ксения және Шмакова Юлия бар. Жас баскетболшылар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы барлық қарсыласын сенімді түрде жеңіп, турнир чемпионы атанды. Екінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырса, Қырғызстан құрамасы үшінші орынмен шектелді.

Осылайша, елордалық спортшылардан құралған Қазақстан құрамасы 2026 жылдың қыркүйек айында Таиландта өтетін FIBA U18 Women’s Asia Cup турниріне жолдама алды. Бұл – жас баскетболшылар үшін халықаралық аренада ел намысын қорғауға берілген үлкен мүмкіндік.

Турнир барысында жекелеген ойыншылар да ерекше көзге түсті. Ең құнды ойыншы (MVP) атағы қазақстандық Шахида Ерланға бұйырды. Сонымен қатар жарыстың символикалық үздік бестігі де анықталып, үздік ойыншылар марапатталды.

Айта кетейік, ойындарға Корея мен Моңғолиядан шақырылған халықаралық төрешілер қызмет атқарды. Ал техникалық делегат ретінде FIBA өкілі Самсон Арекелян жұмыс істеді.

Астанада өткен бұл дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, елорданың халықаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button