Елордада алғашқы детектив-драма – «Шідер» қойылымы ұсынылады
Астанада махаббат пен парыз тақырыбын арқау еткен «Шідер» қойылымы сахналанады.

Астанада 2-3 сәуір күндері «Шідер» атты жаңа қойылымның премьерасы өтеді. Бұл туынды Қазақстан сахнасындағы алғашқы детектив-драма ретінде көрерменге жол тартады.
«Шідер» – махаббат пен парыз арасындағы үнсіз күресті бейнелейтін әсерлі хикая. Қойылым оқиғасы Қосан мен Ақжанның тағдыры арқылы өрбиді. Оларды тоғыстырған – Алматының ыстық көшелері, ал айырған – тағдырдың күрделі жолы. Бірі – ел үшін үнсіз қызмет еткен барлаушы болса, екіншісі – сол елдің шеттегі қорғаушысы.
Қос кейіпкер де шетелде жүріп Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етеді. Олардың арасында махаббат бар, бірақ оны ашық айтуға болмайды. Сағыныш бар, алайда қайта қауышуға жол жоқ. Оларды ұстап тұрған – шідер. Осы арқылы қойылым ел тағдыры мен жеке сезім арасындағы күрделі таңдауды көрсетеді.
Туынды авторы – Бақытжан Қаратегі, ал сахналық нұсқасын жасаған – Мирас Әбіл. Қойылым режиссері – Әлібек Өмірбекұлы, ол тек Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де танымал, әр жұмысы қоғамда үлкен резонанс тудыратын суреткер ретінде белгілі.
Қойылымның басты рөлдерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Болат пен «Құрмет» орденінің иегері Ержан Нұрымбет сомдайды.
«Шідер» қойылымы барлау әлемінің күрделілігі мен құпиясын сахна тілімен жеткізіп, көрерменге терең ой салуды мақсат етеді. Сонымен қатар, жоба жастардың патриоттық сезімін арттыруға және олардың өнерге деген қызығушылығын оятуға бағытталған.
Жанры – детектив-драма.
Қойылым ұзақтығы – 2 сағат.
Жас шектеуі – 16+.



