Қоғам

Мыңжылдық аллеясын дамыту: Жаңа жасыл кеңістіктер пайда болады

Заманауи қала ең алдымен жаяу жүргіншілерге қолайлы орта мен жасыл инфрақұрылымнан басталады. Осы бағытта елордада Мыңжылдық аллеясын дамыту тұжырымдамасын іске асыру жоспарланып отыр. Жоба қалалық кеңістікті жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Тұжырымдама аясында кең көлемді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылады. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай қоғамдық кеңістіктер құрылып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жаңа демалыс орындары пайда болады.

Жобаның маңызды бөліктерінің бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының артындағы аумақта сызықтық парк-скверді абаттандыру. Бұл аумақ серуендеуге, тынығуға және мәдени демалыс өткізуге арналған жаңа жасыл кеңістікке айналады.

Бұдан бөлек, қаланың келбетін айқындайтын маңызды нүктелердің бірі – теміржол вокзалы маңындағы парк аумағын дамыту жоспарланған. Бұл жоба елордаға келетін қонақтар үшін алғашқы әсерді жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ, Қалдаяқов көшесін абаттандыру және жаяу жүргінші бағыттарын өзара байланыстыру жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар қала ішіндегі қозғалысты ыңғайлы етіп, жаяу серуендеуді одан әрі тартымды етеді.

Жалпы алғанда, Мыңжылдық аллеясын дамыту жобасы Астананы жасыл, үйлесімді және өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button