Нұра-Есіл арнасында су басу қаупіне қарсы жүйелі шаралар жүргізілуде

Астанада көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Әсіресе Есіл ауданында орналасқан «Нұра-Есіл» каналы маңында қауіптің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатта өткен жылдың 30 қарашасы мен 22 желтоқсаны аралығында «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасындағы каналға ауқымды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында каналдың түбі тереңдетіліп, ені кеңейтілді. Нәтижесінде су өткізу қабілеті артып, тасқын судың қауіпсіз өтуіне жағдай жасалды. Жалпы ұзындығы 5,4 шақырымнан асатын аумақ қамтылды.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, 6–26 наурыз аралығында аталған канал қардан толық тазартылды. 5 400 метрден астам аумақта жүргізілген бұл жұмыстар көктемгі қар еру кезеңінде судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары су басу қаупін едәуір төмендетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қала аумағында гидротехникалық нысандарды күтіп-ұстау мен тазалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Осылайша, елордада табиғи қауіптердің алдын алу бойынша жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.



