2000 теңгемен баланың өмірін құтқарып қалуға болады
Күн жылына бастады, терезені ашып, үйге таза ауа кіргізгіміз келеді. Бірақ дәл осы уақытта мамандар дабыл қағып отыр. Не үшін? Не боп қалды сонша?

Мысалы төтенше жағдайлар қызметі, полиция және дәрігерлер күн жылынса болды балалардың терезеден құлауы жиілейтінін айтады.
Шынында да, статистика көңіл көншітпейді. Көп жағдайда зардап шегетіндер — 1 мен 6 жас аралығындағы балалар. Олар терезеге шығып, сыртқа қарағысы келеді, көп жағдайда москит торына сүйеніп тұрады.
— Москит торына сенуге болмайды, — деп ескертеді мамандар. — Ол тек шіркейден қорғайды, ал бала сүйенсе, торымен бірге құлап кетуі мүмкін.
Осындай қайғылы жағдайлардың басты себептері де белгілі:
ата-ананың бір сәтке болса да баланы қараусыз қалдыруы, терезеде арнайы қауіпсіздік құралдарының болмауы, жиһаздың терезеге тым жақын орналасуы.
— Мұндай оқиға бірнеше секундта болады, — дейді дәрігерлер. — Ал салдары өте ауыр: бас-ми жарақаты, мүгедектік, тіпті қайғылы жағдайға әкеледі.
Сондықтан мамандар қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді:
— Терезені ашық қалдырмаңыз, баланы жалғыз қалдырмаңыз, және міндетті түрде қауіпсіздік құлпын орнатыңыз.
Айтпақшы, көп адам “қымбат шығар” деп ойлайды. Негізі олай емес.
Қазір терезеге арналған қауіпсіздік құлыптарының бағасы шамамен:
- 2 000–5 000 теңге — қарапайым блокиратор
- 5 000–10 000 теңге — кілтпен жабылатын түрі
— Бұл баланың өмірімен салыстырғанда түк те емес, — дейді мамандар.
Қалада бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр: дәрістер, жиналыстар, чаттар арқылы ескертулер таратылуда. Бірақ ең басты жауапкершілік — ата-ананың өзінде.
Сондықтан күн жылынғанда тек терезені ашуды ғана емес, қауіпсіздікті де бірге ойлаған дұрыс.
Өйткені кейде бір сәттік немқұрайлылық үлкен қайғыға әкелуі мүмкін.



