ҚоғамТуризм

Маусымның басты шайқасы басталды: Астана және масалар

Астанада биыл көктем ерте қызып қана қоймай, маса мен шіркейге қарсы «үлкен соғыс» та басталып кетті. Қалада су айдындары тексеріліп, жәндіктердің «балалық шағы» – дернәсілдері іздестірілуде. Себебі жауды бала кезінде «ұстау» – ең тиімді тактика.

Мамандардың айтуынша, кешенді дезинсекция жұмыстары сәуірдің екінші жартысында басталып, қаланың барлық аумағын қамтиды. Бұл жолы іске 100-ден астам маман жұмылдырылады. Яғни, масаларға қарсы кәдімгідей full-time команда шығады.

Жалпы процесс алты кезеңнен тұрады: алдымен су қоймалары өңделеді, кейін қала ішіндегі ашық аумақтар – саябақтар, скверлер, аулалар мен жол жиектері кезекке тұрады. Жұмыс орталықтан басталып, біртіндеп шет аймақтарға «тарайды». Қысқасы, масаларға қашатын жер қалмайды.

Мамандар дернәсілдер белгілі бір деңгейге жеткенде ғана өңдеу басталатынын айтады. Бұл – «дәл уақытында соққы беру» әдісі. Кейін арнайы техника – моторлы бүріккіштер, ыстық тұман генераторлары, дезинфекция машиналары және тіпті агродрондар да іске қосылады. Иә, 2026 жылғы масаларға қарсы күрес – high-tech деңгейде.

Ең бастысы – қолданылатын препараттар адамдар мен жануарларға қауіпсіз, ал су айдындарында экожүйеге зиян келтірмейтін биологиялық құралдар пайдаланылады. Демек, қала тұрғындарына алаңдауға себеп жоқ.

Қорытынды біреу: Астанада масаларға қарсы маусым ресми түрде ашылды. Енді кешкі серуендерде «қол шапалақтау» азая ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button