Қоғам

Су жаңа пойыз вагондарымен жүріңіз

«Нұрлы жол – Омбы» бағытына RWS Wagon компаниясының заманауи 45-үлгідегі жаңа жолаушылар вагондарын енгізді.

Елорда мен Ресейдің Омбы қаласы арасындағы халықаралық теміржол қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында №145/146 «Нұрлы жол – Омбы» бағытына RWS Wagon компаниясының заманауи 45-үлгідегі жаңа жолаушылар вагондарын енгізді.

Жаңартылған пойыз құрамы Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Құрамда жалпы сыйымдылығы 300-ден асатын 8 вагон бар, оның ішінде купелік және плацкартты бөлімдер қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы орындар да жабдықталған.

Пойыз Астанадан кешкі сағат 19:40-та жолға шығып, Омбы қаласына келесі күні таңғы 08:18-де (Мәскеу уақытымен) жетеді. Кері бағытта Омбыдан 12:07-де аттанып, елордаға 04:48-де оралады. Жалпы жол жүру уақыты шамамен 14 сағат 53 минутты құрайды.

Компания басшылығының айтуынша, бұл жаңғырту жұмыстары – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес вагон паркін жаңарту жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастама халықаралық бағыттардың дамуына жаңа серпін береді», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.

Жаңа буындағы 45-үлгідегі вагондар заманауи талаптарға толық жауап береді. Интерьері ұзақ мерзімге төзімді материалдардан жасалған, ал жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін климат-бақылау жүйесі, ауаны залалсыздандыру технологиясы, USB-порттар мен 220 В розеткалар, сондай-ақ Wi-Fi желісі орнатылған. Бұдан бөлек, вагондар биодәретханалармен, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған.

Жолаушылардың жайлылығы үшін қосымша мүмкіндіктер де қарастырылған: аудиохабарлама жүйесі, есіктерді жарықтандыру, нәрестелерге арналған жөргек ауыстыру үстелдері және жыл бойы қолайлы температураны сақтайтын кондиционерлер.

Айта кетейік, Астана – Омбы бағыты 2025 жылдың қысында тұрақты қатынас ретінде іске қосылған болатын. Ал жаңа вагондардың енгізілуі бұл бағыттағы сапарды бұрынғыдан да жайлы әрі қауіпсіз етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button