Қоғам

Тазалықтан басталатын мәдениет

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өзіңнен баста!» челленджі жалғасып жатыр. Бұл бастамаға мәдениет саласының өкілдері де белсенді түрде қатысып, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

Челлендждің негізгі мақсаты — адамдарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру, табиғатқа деген жанашырлықты арттыру және тазалықты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру. Осы ретте елордалық өнер және мәдениет қайраткерлері бастаманы қолдап, оны кеңінен насихаттап келеді.

Атап айтқанда, актриса Гүлмира Жакилина, ақын әрі «Жастар театры» басшысының міндетін атқарушы Мақпал Мұса, «Жастар» сарайы директорының орынбасары Әділ Орынбасарұлы және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің бас дирижері Қасым Айтбаев челлендж эстафетасын қабыл алып, оны әрі қарай жалғастырды.

Олар әлеуметтік желілердегі парақшаларында тазалық ұғымы тек айналаны жинаумен шектелмейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, шынайы тазалық ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен, ойының тазалығынан және қоғам алдындағы жауапкершілігінен басталады.

Мәдениет саласы өкілдері табиғатқа, қоғамға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау — мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін алға тартады. Бұл — кез келген дамыған әрі өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі.

Сонымен қатар, олар «Таза Қазақстан» бастамасы тек бір реттік акция ретінде қалып қоймай, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button