Ташкент төрінде үнсіз сенсация: биыл қола емес…

Астана қаласының көркем гимнастика шеберлері халықаралық аренада тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем кубогының екінші кезеңінде елордалық спортшылар топтық жаттығу бағдарламасында күміс жүлдеге ие болды.

Жарыс жоғары деңгейде өтіп, әлемнің үздік командалары өзара бақ сынады. Соған қарамастан, қазақстандық гимнасшылар шеберлік пен үйлесімділіктің жоғары деңгейін көрсетіп, төрешілерден 51,25 ұпай жинады. Нәтижесінде олар екінші орынға тұрақтап, ел қоржынына күміс медаль салды. Бірінші орынды Қытай құрамасы (55.90 ұпай) иеленсе, үшінші орын бейтарап спортшыларға (51.10 ұпай) бұйырды.

Айта кету керек, бұл – елордалық гимнасшылар үшін ерекше маңызды жетістік. Төрт жылдық үзілістен кейін команда қайтадан топтық жаттығуда жүлделі орынға көтеріліп отыр. Бұл олардың жүйелі дайындығы мен табанды еңбегінің айқын нәтижесі.
Жүлдегерлерді елге оралған сәтте Астана халықаралық әуежайында ыстық ықыласпен қарсы алды. Спортшыларды Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы, ата-аналары мен жанкүйерлері зор қошемет көрсетті.
Команданың аға жаттықтырушысы Меруерт Балгинбаева бұл жетістіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жеңіс – үлкен еңбектің жемісі және алдағы жарыстарға деген сенімді арттыра түседі. Қазіргі таңда команда Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындарына қызу дайындықты бастап кеткен.

Күміс жүлдеге қол жеткізген құрамда Жасмин Жүнісбаева, Аида Хәкімжанова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес және Айзере Нұрмағамбетова өнер көрсетті. Олар бірліктің, кәсібиліктің және жоғары дайындықтың үлгісін көрсете білді.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2022 жылы дәл осы Ташкент қаласында өткен әлем кубогында қазақстандық гимнасшылар қола жүлде иеленген болатын. Биылғы күміс медаль – сол нәтижеден бір саты жоғары жетістік.
Бұл жеңіс – ел спортының дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.



