МәдениетСпорт

Әлем чемпионы мен “Темір адам” жастармен кездесті

Елордадағы «TANYM» көпфункционалды кешенінде өткен мотивациялық кездесу жас спортшылар үшін маңызды алаңға айналды. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы іс-шара ашық диалог форматында өтіп, 150-ден астам жасөспірімді біріктірді.


Кездесудің басты ерекшелігі – спорттағы жетістігімен ғана емес, өмірлік тәжірибесімен де үлгі бола алатын тұлғалардың қатысуы. Қонақтардың бірі, NAIZA лигасының және панкратионнан әлем чемпионы Ильдар Құдайбергенов жастарға өз жолындағы қиындықтар мен жеңістер туралы шынайы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, табандылық пен сенім адамды кез келген тығырықтан алып шыға алады. Қиын кезеңдерден кейін спортқа қайта оралып, қысқа уақыт ішінде жоғары нәтижеге жетуі – соның дәлелі.


– Әр адамның өмірінде сынақтар болады. Сол кезде дұрыс бағыт пен қолдау аса маңызды. Егер адам өзіне сеніп, еңбектенсе, нәтиже міндетті түрде келеді, – деді спортшы.

Іс-шараға «Темір адам» атымен танылған Тимур Спатаев та қатысып, жастармен тәртіп пен жүйеліліктің маңызы туралы ой бөлісті. Оның пікірінше, үлкен жетістік кездейсоқ келмейді — ол күнделікті еңбектің нәтижесі.


Кездесу тек мотивациямен шектелмей, құқықтық сауаттылықты арттыруға да бағытталды. Астана қаласы прокуратурасының өкілдері мен ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлерін атап өтті. Басқарма прокуроры Ақжол Сәтілда кешкі уақытта үйде болмау, ата-анамен түсініспеушілік сияқты мәселелердің салдарына тоқталып, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында жас спортшылар өз ойларын ашық айтып, сұрақ қойып, тәжірибелі мамандардан нақты кеңестер алды. Бұл формат олардың еркін пікір алмасуына және өзекті мәселелерді ашық талқылауына мүмкіндік берді.


Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрметті арттыру, жауапкершілікті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Осындай кездесулер жас буынның дұрыс бағыт таңдауына, өмірлік ұстанымын қалыптастыруына ықпал ететіні сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button