
Қоғамда «еңбек адамы» деген ұғым көбіне тек маңдай термен, ауыр жұмысымен өлшеніп жатады. Алайда шын мәнінде, нағыз еңбек адамы — тек жұмысымен ғана емес, өмір салтымен, табандылығымен, өз-өзіне деген талапшылдығымен де үлгі бола алатын жан. Осындай жандардың бірі — бүгінде “Астана тазалық” мекемесінде қызмет ететін Меңдібай Әлімғазинов.
40 жылдан астам уақыт түрлі салада еңбек етіп келе жатқан ол, қанша ауыр жұмыс істесе де, спортты ешқашан тастаған емес. Керісінше, еңбек пен спортты қатар алып жүріп, өзгелерге үлгі болып келеді.

Өмір жолы: ауыр еңбек пен табандылық
Меңдібай аға еңбек жолын құрылыс саласынан бастаған.
– «Стройклас деген фирмада жұмыс істедім. Қарапайым жұмысшы болдым. Бес жыл еңбек еттім. Бірақ жұмыс ауыр болды, жеңіл емес. Сосын біраз демалып, басқа салаға ауыстым», – деп еске алады ол.
Кейін төрт жыл бойы моргта жұмыс істеп, иесіз адамдарды тасымалдаумен айналысқан.
– «Өте ауыр жұмыс болды. Бірақ өмір болған соң, бәрін көресің», – дейді ол.
Одан кейін қайтадан құрылысқа оралып, тағы бірнеше жыл еңбек етеді. Алайда жалақының аздығы мен жұмыстың ауырлығы оны бұл саладан кетуге мәжбүр етеді.
– «Бастықтарға айттық: не жалақыны көтеріңдер, не кетеміз деп. Көтермеген соң, кетіп қалдық», – дейді ол.

2025 жылы Меңдібай аға “Астана тазалық” мекемесіне жұмысқа орналасып, бүгінге дейін сол жерде еңбек етіп келеді.
– «Бір жыл болды. Құдайға шүкір, жұмыс істеп жатырмын», – дейді спортшы ата.
Гиннес рекорды: еңбек адамының үлкен жетістігі
Қарапайым еңбек адамы бола тұра, Меңдібай Әлімғазинов — ерекше жетістік иесі. Ол 2023 жылы Гиннес рекордтар кітабына енген.
– «Бала-шағама, елімізге тарих болсын деп, бір із қалдырғым келді. Бес адам болып, бір айдың ішінде 7,5 мың шақырым жүгірдік», – дейді ол.
Бұл жетістік — жай ғана спорттық нәтиже емес, жылдар бойғы еңбек пен төзімділіктің, тәртіп пен табандылықтың жемісі.

Сонымен қатар, ол Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай 180 шақырым жүгіріп өткен.
– «Жұмыс істеп жүріп бәрін үлгердік. Бұл – еңбектің, спорттың арқасы», – дейді кейіпкеріміз.
Спорт: 40 жылдан астам үзілмеген жол
Меңдібай аға спортқа 15 жасында келген. Алғашында еркін күреспен айналысқан.
– «Бес-алты жылдан кейін жарыстарға қатыса бастадым. Кейін жүгіріске қызығушылық пайда болды», – дейді ол.
1989 жылдан бастап жүгіруді тұрақты түрде қолға алып, бүгінге дейін жалғастырып келеді.
– «Қазір 58 жастамын. 40 жылдан аса уақыт спортпен айналысып келемін», – дейді ол.
Оның айтуынша, спорт — тек әуесқойлық емес, өмір салтына айналған.
– «Тұрсақ та, жүрсек те — спорт ойымызда тұрады. Жүгіріп, жаттығу жасап тұрамыз»

Отбасы: басты тірек
Меңдібай аға — көпбалалы әке. Үш ұл, бір қызы бар, жеті немеренің атасы.
– «Балаларымның бәрі спортқа жақын. Әке-шешесін сыйлайды. Өздерінің отбасы, жұмыстары бар»
Балалары да түрлі спорт түрлерімен айналысқан: бокс, еркін күрес, басқа да бағыттар.
– «Кішкентайынан спортқа баулыдым», – дейді Меңдібай аға.
Бүгінде оның балалары Қостанай өңірінде өз отбасыларымен өмір сүріп жатыр. Ал кенже ұлы Астанада оқиды.
Салауатты өмір — нағыз байлық
Меңдібай ағаның айтуынша, спорттың арқасында өзін жас сезінеді.
– «Қатарларым қиналып жүрсе, мен өзімді жас жігіттей сезінемін», – дейді кейіпкеріміз.
Ол үшін спорт — денсаулықтың ғана емес, рухтың да тірегі.
– «Абай атамыз айтқандай, дүниеге келген соң бір кірпіш болып қалу керек. Біз де қолдан келгенше үлесімізді қосып жүрміз», – дейді.
Меңдібай Әлімғазиновтың өмір жолы — қарапайым еңбек адамының ерекше тағдыры. Ол ауыр жұмыстан қашпай, сонымен қатар өзін дамытуды, денсаулығын күтуді де ұмытпаған.
Бұл — бүгінгі қоғам үшін маңызды сабақ:
еңбек адамы тек еңбегімен ғана емес, салауатты өмір салтымен де үлгі бола алады.
Осындай жандар барда, еңбек те қадірлі, өмір де мәнді.



