Мәдениет

69 туынды, 30 ел, 200-ші мерейтойлық көрме

17 сәуірде ҚР Ұлттық музейі қабырғасында қазақстандық танымал суретші Аңсаған Мұстафаның 200-ші мерейтойлық «Сөйле, сурет» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Бұл мәдени шара – суретшінің көпжылдық шығармашылық жолындағы маңызды белес әрі ұлттық өнер кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі болды.

Көрменің басты ерекшелігі – оның терең әлеуметтік мазмұнында. Аңсаған Мұстафаның туындылары қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, көрерменді ойлануға, сезінуге жетелейді. Суретші еңбектері арқылы адам тағдыры, рухани құндылықтар, әлеуметтік тақырыптарды көркем тілмен жеткізеді. Бұл картиналар әлемнің 30-дан астам елінде көрмеге қойылып, халықаралық деңгейде жоғары бағасын алған.

Экспозицияға суретшінің ең таңдаулы 69 туындысы ұсынылған. Әрбір шығарма – автордың ішкі жан дүниесінің көрінісі, өмірге деген көзқарасының айнасы. Көрмеге келушілер картиналар арқылы түрлі эмоцияларды бастан кешіріп, өнердің үнсіз сөйлейтін ерекше құдіретіне куә болады.

Көрме ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасы залында ұйымдастырылған. Бұл кеңістік көркем туындылардың мазмұнын тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін ерекше атмосферасымен ерекшеленеді.

«Сөйле, сурет» көрмесі – тек өнер туындыларының жиынтығы ғана емес, ол – қоғаммен диалог, көрерменмен үнсіз сырласу. Аңсаған Мұстафаның бұл мерейтойлық көрмесі бір айға созылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button