
Әзербайжан астанасы Баку қаласында көркем гимнастикадан өткен әлем кубогының үшінші кезеңі қазақстандық жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалықпен аяқталды. Астана қаласының спортшысы Ақмарал Ерекешева ересектер арасындағы беделді халықаралық додада сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдені қанжығасына байлады.

Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған талантты гимнаст алғаш рет ересектер деңгейіндегі ірі турнирге қатысып отыр. Соған қарамастан, ол жоғары деңгейдегі қарсыластармен тайсалмай бәсекеге түсіп, таспа жаттығуында 27.000 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді.

Жарыс нәтижесі бойынша алтын медальды Германия өкілі, Дарья Варфоломеева (28.800 ұпай) иеленсе, күміс жүлде Италия спортшысы София Раффаэли (28.500 ұпай) еншісінде кетті. Ал Ақмарал Ерекешева 27.000 ұпаймен үшінші орынды иеленіп, Қазақстан қоржынына кезекті жүлдені салды.
Айта кетерлігі, қазақстандық гимнаст жарыс барысында Азия ойындарының чемпионы Тахмина Икромова, әлем чемпионатының жүлдегері Таисия Онорийчук және Болгарияның мықты өкілі Стилияна Николова сынды тәжірибелі спортшыларды артта қалдырды.

Сонымен қатар, көпсайыс қорытындысы бойынша Ақмарал үздік ондыққа еніп, өзінің жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл нәтиже – отандық көркем гимнастика мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.
Ақмарал Ерекешеваның Бакудегі бұл табысы – оның ересектер аренасындағы жарқын болашағының бастауы екені сөзсіз.



