Серуенге сіз дайын болсаңыз – теплоходтар да дайын!
Астанада жазғы туристік маусым қарсаңында экскурсиялық теплоходтар суға түсіріліп, жаңа маусымға дайындық басталды.

Мамандардың айтуынша, өзен көлігі 1 мамырдан бастап жолаушыларды қабылдай бастайды. Есіл бойымен серуендеу – қала тұрғындары мен қонақтары арасында ең танымал демалыс түрлерінің бірі.
Astana Tourism туризмді дамыту орталығы департаментінің директоры Саят Оразтайдың сөзінше, жыл сайын өзен серуеніне қызығушылық артып келеді.
Ал Есіл Астана кеме қатынасы компаниясының өкілі Карина Данилко барлық теплоходтардың маусым алдында толық техникалық тексерістен өткенін атап өтті. Кемелер жаңартылып, сырланып, жолаушылар қауіпсіздігі үшін жаңа құтқару жилеттерімен жабдықталған.
Биыл өзенге бірнеше түрлі сыйымдылықтағы теплоходтар шығарылды. Олардың қатарында 30 орындықтан 65 орынға дейінгі кемелер бар.
Сонымен қатар компания кеме паркін жаңарту мақсатында 12 адамға арналған жылдам жүретін шағын кемелерді де сатып алған. Бұл туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.



