Басты жаңалықСпорт

Астаналық джиу-джитсушылар Парижді ЖАРДЫ!

Франция астанасы Paris қаласында джиу-джитсудан ересектер арасында өткен PARIS JUJITSU GRAND PRIX 2026 (JJIF Grand Prix) халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Әлемнің 28 елінен жиналған 550 спортшы қатысқан беделді бәсекеде Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.

Халықаралық деңгейдегі бұл додада елордалық екі спортшы татамиде өз шеберліктерін дәлелдеп, алтын жүлдені жеңіп алды. Жарыстың алғашқы күні 56 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бекзат Казтаев қарсыластарының барлығынан басым түсіп, чемпион атанды. Оның сенімді белдесулері мен жоғары техникасы жанкүйерлер мен мамандардың ерекше назарын аударды.

Ал жарыстың екінші күні 85 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мерей Кабдуллаев та тамаша нәтиже көрсетіп, алтын медальді қанжығасына байлады. Ол да қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, жарысты жеңіспен аяқтады.

Осылайша, жаттықтырушы Арманжан Рузахунов баптайтын елордалық қос спортшы Париж төрінде Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатты.

Бұл жеңіс — тек спортшылардың ғана емес, елордалық спорт мектебінің де үлкен жетістігі. Астана джиу-джитсу мектебінің халықаралық аренадағы беделі артып, жас спортшыларға жаңа серпін берері сөзсіз.

PARIS JUJITSU GRAND PRIX 2026 турниріндегі бұл табыс қазақстандық джиу-джитсудың даму қарқыны жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Енді жанкүйерлер елордалық чемпиондардан алдағы әлемдік жарыстарда да жарқын жеңістер күтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button