Спорт

Қыздар футбол ойнап, доп тепсе оза ма?

27 сәуір күні Қазақстан футбол федерациясы кеңсесінде әйелдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы таныстырылды. Жиынға федерация өкілдері мен әйелдер футболына жауапты мамандар қатысты.

Негізгі жаңалық биыл лига бұрынғыдан да кеңейді. Өткен жылы 14 команда болса, қазір 19 клуб қатысады. Командалар екі конференцияға бөлініп, маусым соңында үздіктер плей-оффта чемпионды анықтайды. Ал қазіргі чемпион — «Ақтөбе». Олар енді УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасы турнирінде ел намысын қорғайды.

Бірақ ең қызығы тек формат емес, жалпы көзқарастың өзгеруі. Осыдан 5–6 жыл бұрын “қыз бала футбол ойнай ма?” деген пікір жиі айтылатын. Қазір бәрі басқаша. Мысалы, былтыр Ақтөбеде өткен финалға 10 мың адам келген. Бұл әйелдер футболына деген қызығушылықтың нақты дәлелі.

Жалпы, қыздарды футболға тарту жайдан-жай басталмаған. Қазақстан УЕФА талаптарына сай болу үшін бұл бағытты 2019 жылдан бастап белсенді дамыта бастады. Содан бері елдің барлық өңірінде қыздарға футболға жол ашылды.

Ең жақсы жағы бәрі тегін. Киім де, жаттығу да, жарысқа бару да федерация есебінен. Яғни ата-анаға да, балаға да ыңғайлы.

Ал “бұдан не пайда?” десеңіз, пайдасы көп. Біріншіден, бұл жерде тәртіп пен орта бар. Екіншіден, жақсы ойнасаң, ұлттық құрамаға шақырыласың. Тіпті кейбір қыздар шетелдік клубтарда ойнап, табыс тауып жүр. Яғни бұл жай ермек емес, болашағыңа ықпал етуі мүмкін.

Тағы бір мүмкіндік  футболда тек ойыншы болып қалмайсың. Мысалы, қазір әйел төрешілерді дайындауға арнайы гранттар бөлініп жатыр.

Қыздарды қызықтыру үшін арнайы жобалар да бар. Соның ішінде Zhyldyz League және UEFA Playmakers сияқты бастамалар футболды жеңіл әрі қызық форматта үйретеді.

Қысқасы, қазір қыздар футболында мүмкіндік көп: бәсеке аса қатты емес, қолдау бар, бәрі тегін, ал дамуға жол ашық. Сондықтан қызыңыз футболға қызықса, бірден “қойшы” демей, байқап көруге мүмкіндік беріңіз. Кім біледі — мүмкін болашақта жұлдызы жанар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button