1 мамырды Астана қалай тойлайды?

Мереке қарсаңында, 30 сәуір күні елордада мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылады. Негізгі шаралардың бірі — әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Достық керуені» этнофестивалі.
Фестиваль аясында этнографиялық көрмелер, халық қолөнері бойынша шеберлік сабақтары, достық шеруі және концерттік бағдарлама жоспарланған.
Негізгі мерекелік іс-шаралар 1 мамыр күні өтеді. Достық үйі алаңында «Қазақстан — бірлік мекені» фестивалі ұйымдастырылып, қонақтарға ұлттық тағамдар, қолөнер көрмелері, шеберлік сабақтары және концерттік бағдарлама ұсынылады.
Қалалық концерттер «Жетісу» саябағында, Есіл өзені жағалауындағы Арбат аумағында және «Жастар» сарайында өтеді. Сондай-ақ сағат 12:00-де Қалалық алаңда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры әртістерінің мерекелік қойылымы басталады.
Спорт сүйер қауым үшін Триатлон паркінде жазғы маусымның ашылуы өтеді. Бағдарламада 5 шақырымдық жаппай жүгіру, балаларға арналған 400 метрлік жарыс және скандинавиялық жүріс бар.
Сонымен қатар футбол, волейбол және 5х5 форматындағы баскетболдан командалық турнирлер ұйымдастырылады. Қала тұрғындары үшін жеке күш сынасу жарыстары, йога, street workout және жекпе-жек өнерлері бойынша ашық жаттығулар өткізіледі.
Осы күні «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Мерекелік шаралар 2–3 мамыр күндері де жалғасады. Бұл күндері тұрғындар мен қала қонақтары үшін:
• ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, соның ішінде «Keryen Joly» сауда орталығы аумағында
• қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарында концерттік бағдарламалар
• «Қазақстан — бірлік пен татулықтың мекені» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.



