«Музей түні – 2026»: елордалықтарды не күтеді?
18 мамырда елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі таңғажайып мәдени атмосфераға бөленеді. Сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін өтетін дәстүрлі Museum Night акциясы биыл да тұрғындар мен қала қонақтарына ұмытылмас әсер сыйламақ.

Биылғы «Музей түні» келушілерді тарих пен технология, дәстүр мен заманауи өнер тоғысқан ерекше әлемге жетелейді. Музей кеңістігі бір күнге ғана нағыз мәдени фестивальге айналып, әр бұрышында түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады.
Келушілерді театрландырылған экскурсиялар, тарихи квесттер, шығармашылық шеберлік сабақтары мен әсерлі концерттік бағдарламалар күтеді. «Жан біткен жәдігерлер» квесті мен «Өткеннен бүгінге – жәдігерлер сыры» экскурсиясы арқылы қонақтар ғасырлар қойнауына саяхат жасап, тарихтың құпияларына үңіледі.
Кештің ең ерекше сәттерінің бірі – өнер мен жасанды интеллект үйлескен шоу болмақ. Скрипкашы Назым Мұстафина сахнада өнер көрсетсе, оған гуманоид-робот пен робот-ит сүйемел болады. Бұл көрініс көрермендерге болашақ технологиясының мүмкіндігін паш етеді.
Сонымен қатар танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін «Жұлдызды гид» жобасы, авторлық экскурсиялар мен «Музейдегі түн» квест-ойыны кештің сәнін арттырмақ.
Мәдени бағдарлама Наз мемлекеттік би театры, Қазақ ұлттық хореография академиясы және Қазақ ұлттық өнер университеті өнерпаздарының жарқын қойылымдарымен жалғасады. Ал кеш соңында ұлттық әуендер мен заманауи ритмдерді біріктірген DJ-сет ұйымдастырылады.
Сондай-ақ қонақтар қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, зергерлік бұйымдар, керамика, киіз және кілем жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Бұл түні музей залдары да ерекше көрмелерге толы болады. Олардың қатарында Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» көрмесі, «Орталық Азия тағамдары» жапон манга жобасы, Ғани Иляевтің мерейтойлық көрмесі және кореялық суретші Хван Сонджонның жаңа медиа туындылары ұсынылады.
«Музей түні» — бұл жай ғана көрме емес. Бұл — тарихпен тілдесіп, өнерді жаңа қырынан сезінуге мүмкіндік беретін ерекше рухани кеш.



