Леонардо да Винчи Астананы таңғалдырмақ

19 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы қабырғасында әлемге әйгілі суретші әрі өнертапқыш Leonardo da Vinciдің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance халықаралық көрмесі өтеді.
Көрме аясында Астанаға Рим мен Флоренция музейлерінен Леонардо да Винчидің әйгілі Винчи кодекстеріндегі сызбалары негізінде жасалған 40-тан астам механизмнің толық көлемді үлгілері жеткізілді. Экспонаттар қатарында ұшу аппараттары, әскери машиналар, инженерлік құрылғылар және өз дәуірінен озық туған өнертабыстар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құрылғылар кейін көптеген заманауи технологиялардың пайда болуына негіз болған.
Көрме шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Кеңістік ауа, су, жер және от тақырыптарына бөлінген. Мұнда келушілер Леонардоның табиғат құбылыстарын, қозғалыс заңдылықтарын, адам анатомиясын және механиканы қалай зерттегенімен жақынырақ таныса алады.
Сондай-ақ көрмеде суретшінің ең танымал туындыларының репродукциялары ұсынылады. Экспозиция заманауи мультимедиалық форматта безендірілген. LED-туннельдер, цифрлық проекциялар мен голографиялық инсталляциялар келушілерді Қайта өрлеу дәуірінің атмосферасына жетелейді.
Көрме Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жобаны Астана Концерт компаниясы жүзеге асырады.
Көрме күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Мекенжайы: Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайы.



