Әлемнің үздік шабандоздары Астанаға жиналады
Астана алғаш рет әлемдік ат спортының ірі алаңына айналмақ. 28-31 мамыр аралығында елордада Fédération Équestre Internationale (FEI) аясындағы бірден үш халықаралық турнир өтеді.

Олардың қатарында FEI Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және CDI1*/CDI3* халықаралық жарыстары бар. Бұл бәсекелер 2026 жылы Германияның Аахен қаласында өтетін FEI әлем чемпионатына іріктеу кезеңі саналады.
Ең бастысы — енді қазақстандық спортшылар халықаралық рейтингтік ұпайларды шетелге шықпай-ақ, өз елінде жинай алады. Бұл отандық шабандоздар үшін үлкен мүмкіндік болмақ.
Жарысқа Қазақстаннан бөлек Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Мысыр, Эквадор, Ресей, Өзбекстан және басқа да елдердің спортшылары қатысады.
Бағдарламада халықаралық деңгейдегі конкур мен ат үйрету сайыстары өтеді. Ал турнирдің басты тартысында шабандоздар биіктігі 160 сантиметрге дейін жететін кедергілерден өтіп, Гран-при жүлдесін сарапқа салады.
Мамандардың айтуынша, FEI аясындағы бірден үш турнирдің Астанада ұйымдастырылуы Қазақстанның әлемдік ат спорты картасындағы беделін арттыратын маңызды қадамдардың бірі болмақ.



