Астананың мәдени өмірін кімдер жасап жүр?
Өткен жылы Астанада 20 мыңнан астам мәдени іс-шара өтіп, театр көрермендерінің саны 30%-ға артқан.
21 мамыр – Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні.
Бүгінде Астанадағы 13 мәдени мекемеде 2400-ден астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында театр, музей, кітапхана қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдар бар.
Соңғы жылдары елорданың мәдени өмірі айтарлықтай жанданып келеді: кітапханалар саны 18-ден 25-ке дейін көбейді, 2025 жылы Өнер музейі ашылса, биыл Go Symphony симфониялық оркестрі құрылды.
Өткен жылдың өзінде қалада 20 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оларды шамамен 200 миллион көрермен тамашалаған.
Әсіресе театр саласы белсенді дамып жатыр. Қазір қала әкімдігіне қарасты жеті театр жұмыс істейді, ал спектакль көрермендерінің саны бір жылда 30%-ға өскен.
Көрермендердің ерекше ықыласына ие қойылымдардың бірі – Дулат Исабеков шығармасы негізіндегі «Гауһартас». Спектакль Қазақстанның түрлі қалаларында 300-ден астам рет сахналанған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде театрлар классикалық тақырыптармен қатар экология, есірткімен күрес және қоғамдағы маңызды мәселелерді де көтеріп келеді.



