Білім

«Дидарлы жаз – 2026»: елорда оқушыларына арналған жазғы бағдарлама басталды

Астанада жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады

Елорда мектептерінде оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған лагерьлер маусымы басталды.

Биыл жазғы кезеңде Астанада 1-10 сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Оның ішінде 11 мыңға жуық әлеуметтік осал санаттағы балаға ерекше қолдау көрсетіледі.

«Дидарлы жаз – 2026» жобасы аясында 8 мыңнан астам оқушы түрлі спорттық және танымдық шараларға қатысады. Бағдарлама барысында қозғалмалы ойындар, футбол мен волейбол жарыстары, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, 75 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 89 мыңға жуық оқушы бейіндік лагерьлерге қатысады. Олардың қатарында білім беру, экология, технология және спорт бағытындағы арнайы жобалар бар.

Жазғы демалыс кезінде 32 мектепте «Атамекен» этно-лагерьлері жұмыс істеп, оқушылар ұлттық құндылықтармен танысады. Сондай-ақ жекеменшік мектептер базасында 35 мыңнан астам баланың демалысын ұйымдастыру көзделген.

Бұдан бөлек, 2 681 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жіберіледі. Қосымша білім беру ұйымдары жанындағы клубтар мен тақырыптық лагерьлерге шамамен 8 мың бала қатысады.

Оқушылар сарайлары мен «Таным» кешенінде де балаларға арналған шығармашылық, спорттық және экологиялық бағыттағы арнайы жазғы жобалар жүзеге асырылуда.

Осылайша, елордада балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге, олардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button