Cirque du Soleil-дің OVO шоуы Астананы таңғалдырды
Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркінің көптен күткен OVO шоуының премьерасы өтті. Екі бөлімнен тұратын қойылым елордалық көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, алғашқы күннен-ақ жоғары бағасын алды.
Шоу басталған сәттен-ақ көрермендер көздің жауын алатын декорацияларға, ерекше костюмдерге және жәндіктер әлемін бейнелейтін ғажайып атмосфераға енді. Сахнада қауіпті акробатикалық трюктер, әуе гимнастарының таңғаларлық өнері мен дене мүмкіндігінің шексіздігін көрсеткен икемді әртістердің қойылымдары көпшілікті тәнті етті.
OVO-ның басты ерекшелігі – сахнадағы әр сәттің жанды өтуінде. Музыканттар әртістердің қимылына сәйкес арнайы жазылған шығармалар шоуға ерекше серпін берді. Ал түрлі жәндіктер кейпіндегі көңілді кейіпкерлер кішкентай көрермендердің ықыласын бірден жаулап алды.
Қойылымға әлемнің 25 елінен жиналған 100-ден астам маман мен әртіс қатысады. Орталық Азияға алғаш рет келген ауқымды жобаны қабылдау үшін қазақстандық ұйымдастырушылар Астана мен Алматыдағы сахналарды халықаралық талаптарға сай әзірлеген. Шоу декорациялары мен техникалық жабдықтарын жеткізу үшін екі жүк ұшағы пайдаланылып, жалпы салмағы 22 тоннадан асатын құрал-жабдық тасымалданған.
Cirque du Soleil – соңғы қырық жылдан астам уақыт бойы жануарларды пайдаланбай, адам мүмкіндігінің шексіздігін өнер арқылы көрсетіп келе жатқан әлемдегі ең ірі цирк компанияларының бірі. OVO шоуы да осы дәстүрді жалғастырып, көрерменді жәндіктер әлемінің ғажайып тіршілігімен таныстырады.
Әлемдік деңгейдегі қойылымды елордалықтар 7 маусымға дейін тамашалай алады. OVO – бұл жай ғана цирк емес, музыка, театр, би және акробатиканы тоғыстырған таңғажайып өнер мерекесі.



