Оқушылар жазда ойын ойнап қана қоймай, оны жасауды да үйреніп жүр
Жазғы демалыс тек тынығумен шектелмейді. Астанадағы Smart Bala лагерінде оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысып жатыр.

Астанада Smart Bala жазғы IT лагері өз жұмысын жалғастырып жатыр. Жоба оқушыларды цифрлық технологиялармен, бағдарламалаумен және жасанды интеллект құралдарымен таныстыруға бағытталған.
Алғашқы маусымға 5-9 сыныптардың екі мыңға жуық оқушысы қатысып, заманауи технологиялар саласындағы алғашқы тәжірибесін жинады.
Лагерьде балалар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, қарапайым сайттар мен ойындар жасап, графикалық дизайн және ақпараттық қауіпсіздік бағыттарында білім алуда. Сонымен қатар олар AI құралдарын пайдаланып шығармашылық жобалар әзірлеп жүр.
Сабақтардан бөлек қатысушылар үшін шеберлік сағаттары, квесттер, интеллектуалдық ойындар мен командалық жарыстар ұйымдастырылады. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, топпен жұмыс істеу дағдыларын да қалыптастырады.
Маусым соңында оқушылар өздерінің цифрлық жобаларын таныстырып, үздік жұмыстар арнайы марапаттарға ие болады.



