Спорт

Елордадағы Йога күні қалай өтті?

Қала әлі толық оянбай жатып, жүздеген адам «Астана Арена» маңында күнді қарсы алды. Елордада Халықаралық йога күні ауқымды форматта өтті.

Астанада Халықаралық йога күні кең көлемде аталып өтті. «Астана Арена» спорт кешенінің аумағында өткен шараға мыңға жуық адам қатысты.

«Йога – салауатты ұзақ өмір сүру өнері» ұранымен ұйымдастырылған іс-шараны Үндістанның Қазақстандағы елшілігі мен Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық өткізді.

Мерекелік бағдарлама таңғы сағат 05:30-да басталды. Қатысушылар санскрит тілінде «Күнге сәлем» деген мағынаны білдіретін «Сурья Намаскар» кешенін 108 рет орындады. Бұл таңғы жаттығу шараның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар адамдарды жақындастырып қана қоймай, денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыруға да ықпал етеді.

Йога мерекесіне тәжірибелі қатысушылармен қатар жаңадан бастаушылар да қосылды. Қосшы қаласының тұрғыны Анара Жабаспаева йоганың адамның ойы мен денесін үйлестіретін тәжірибе екенін айтып, оны кез келген жаста бастауға болатынын жеткізді.

Айта кетейік, Халықаралық йога күні Қазақстанның 20-дан астам қаласында өтті.

Шара аясында Lakshminarayana Global Music Festival халықаралық музыкалық фестивалі де бастау алды. Көрермендер үнді классикалық музыкасын, оркестрлік шығармаларды және қазақстандық әртістердің қатысуымен орындалған заманауи фьюжн композицияларын тамашалады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button