Спорт
Астанада тау-кен және металлургия саласының басты футбол додасы басталды
Астанада Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының мини-футболдан үшінші кубогы басталды.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған турнир тау-кен және металлургия саласының қызметкерлерін бір алаңға жинап, корпоративтік спорттың маңызды алаңына айналды.
Биылғы жарыстың ерекшелігі – турнирге алғаш рет қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының құрамасы қатысып жатыр. Журналистерден құралған команда салалық кәсіпорындардың ұжымдарымен бірге жүлде үшін бақ сынауда.
Турнир жеңімпаздары халықаралық әуесқой жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұған дейін «Kazakhmys» командасы Түркияда өткен Euro Business Cup турнирінде қола жүлдегер атанған еді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кубок корпоративтік спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және сала өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.



