Әлемді мойындатқан «Әбіл»: халықаралық фестивальдерден кейін елге оралды
Халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып, 10 мәрте жүлде жеңіп алған «Әбіл» көркем фильмі енді қазақстандық көрерменге жол тартты.

Фильм оқиғасы 1993 жылғы Қазақстандағы күрделі кезеңді баяндайды. Ел тәуелсіздігін енді ғана алып, социалистік жүйеден нарықтық экономикаға көшкен тұста жекешелендіру науқаны басталады. Осы өзгерістердің ортасында «Баянқазақ» колхозының қарапайым шопаны Әбіл де өз үлесін алуға үміттенеді. Алайда өмір оның жоспарын мүлде басқа арнаға бұрады.
Картинаның түсірілімі 2022 жылы басталып, 2023 жылдың соңында аяқталды. Кейін фильм халықаралық фестивальдерге қатысып, Азия мен Еуропадағы беделді кино алаңдарында көрсетілді. Әлемдік премьерасы 2024 жылы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті.
«Әбіл» түрлі халықаралық фестивальдерде 10 марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Франциядағы Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas фестивалінде қазылар алқасының бас жүлдесін, сыншылар сыйлығын және NETPAC жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ Бішкек, Да Нанг, Дакка және Silk Road халықаралық кинофестивальдерінде үздік актерлік жұмыс, үздік әйел рөлі және үздік операторлық жұмыс аталымдары бойынша марапатталды. Франциядағы UniverCine Nantes фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесі мен көрермендер көзайымы атанды.
Фильмнің сценарийін жазып, режиссерлік еткен – Елзат Ескендір. Продюсерлері – Серік Әбішев, Сергей Әзімов және Ерлан Бекқожин. Басты кейіпкер Әбілдің рөлін белгілі дәстүрлі әнші, композитор, публицист әрі өнертанушы Ерлан Төлеутай сомдады. Оның актерлік шеберлігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бірнеше мәрте «Үздік актер» аталымының жеңімпазы болды.
Фильмдегі актерлердің шынайы образдары мен рөлді сомдаудағы шеберліктері, костюм, декорацияның сәтті таңдалуы, режиссерлік шешімдер де көрерменді бірден баурап алады.
«Әбіл» фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қатысуымен түсірілді. Фильмнің ресми дистрибьюторы – Tanaris Production, ал Қазақстандағы прокатын Sulpak Cinema жүзеге асырады.



