Мәдениет

Астананы домбыра үні тербетеді: концерттер, Dombyra Party және ерекше шоу өтеді

Ұлттық домбыра күніне орай Астанада бірнеше күнге созылатын ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер, ашық аспан астындағы Dombyra Party, дәстүрлі музыка кеші және заманауи мультимедиялық шоу күтеді.

Мерекелік шаралар 2 шілдеде басталады. Сағат 15:00-де Байқоңыр ауданындағы Қаламгерлер аллеясында Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтеді. Бұл күні «Алтын домбыра» ансамблі қазақтың күмбірлеген күйлері мен халықтың сүйікті шығармаларын орындайды.

3 шілде күні сағат 19:00-де Нұржол желекжолында ерекше форматтағы Dombyra Party ұйымдастырылады. Ашық микрофон алаңында күй тартамын немесе халық әнін орындаймын деген кез келген адам сахнаға шығып, мерекенің бір бөлшегіне айнала алады.

Ал 5 шілдеде сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында дәстүрлі «Асыл мұра» концерті өтеді. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған жоба қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді.

Концертте қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерінің Сарыарқа, Сырдария, Жетісу, Алтай–Тарбағатай және Батыс Қазақстан мектептері таныстырылады. Көрермендер әр өңірдің өзіндік орындаушылық мәнерін, күйлері мен халық әндерін тамашалай алады.

Кешке еліміздің танымал өнер майталмандары мен дәстүрлі өнер өкілдері қатысады. Сондай-ақ сахнада «Қорқыт» ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі, Dala Sound квартеті және Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның хоры өнер көрсетеді.

Мерекелік көңіл күй мұнымен шектелмейді. Сол күні елордалық амфитеатрда таңнан кешке дейін балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, шығармашылық шеберлік сабақтары мен түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істейді.

Ал кешкі сағат 20:00-де амфитеатрда үлкен мерекелік концерт басталып, көрермендерге жаңа форматтағы мультимедиялық шоу ұсынылады. Домбыраның қоңыр үні мен заманауи технология үндескен ерекше кеш Астана күні қарсаңындағы ең жарқын мәдени оқиғалардың біріне айналмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button