Спорт

1800 адам ғана қатыса алады: Астанада SARYARQA RUN жаппай жүгіру жарысына тіркелу басталады

Елорда күні қарсаңында Астанада спорт сүйер қауымды біріктіретін ауқымды жүгіру жарысы өтеді. 5 шілде күні «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында SARYARQA RUN жаппай жүгіруі ұйымдастырылады.

Шараның басты мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру, бұқаралық спортты дамыту, белсенді өмір салтын насихаттау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Жарысқа қатысу тегін. Сайыс «Ырыскелді қажы» мешіті аумағында (Ермек Серкебаев көшесі, 2) өтеді. Жүгіру 5 шілде күні таңғы сағат 08:00-де басталады.

Қатысушылар өз мүмкіндігіне қарай 4 шақырым немесе 7,6 шақырым қашықтықты таңдай алады. Жүгіру бағыты «Ырыскелді қажы» мешітінен басталып, Кенесары хан ескерткішіне дейін жалғасады. Сол жерден қатысушылар кері бұрылып, дәл осы бағытпен мәреге жетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс кезінде автокөлік қозғалысына шектеу қойылмайды.

Жарысқа қатысу үшін алдын ала онлайн тіркелу қажет. Тіркеу 2 шілде күні сағат 09:00-де reg.elordasport.kz сайтында ашылады.

Айта кетейік, қатысушылар саны небәрі 1800 адаммен шектелген. Белгіленген лимит толған сәтте тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. Сондықтан ұйымдастырушылар жүгіруге ниетті тұрғындарға тіркеуден ертерек өтуді ұсынады.

Ал тіркелген қатысушыларға арнайы қатысушы білезіктері жарыс күні – 5 шілдеде сағат 06:00-07:30 аралығында беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button