Спорт

200 келілік арбаны сүйреп, өгіз көтереді: Астанада «Толағай» алыптар сайысы өтеді

Елорда күні мерекесіне орай Астанада көпшіліктің қызығушылығын тудыратын ерекше спорттық дода өтеді. 6 шілде күні қалада дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы ұйымдастырылып, еліміздің ең мықты күш иелері өзара сынға түседі.

Биылғы жарыс қазақтың аты аңызға айналған балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына арналады.

Алыптар бәсекесі Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда өтеді. Сайыстың салтанатты ашылуы сағат 15:00-де басталса, қатысушыларды тіркеу сағат 13:00-де жүргізіледі.

Көрермендер бұл күні нағыз күш пен төзімділіктің куәсі болмақ. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар алты кезең бойынша бақ сынайды. Олар фермер жүрісі, 200 келі жүк тиелген арбаны сүйреу, 130 келілік бөренені иыққа салып отырып-тұру, 100 келілік тасты көтеріп белгіленген қашықтыққа апару, қылыш көтеру және өгізді (муляж) көтеру сияқты ерекше сынақтарды орындап, өз шеберліктерін көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – ұлттық спортты кеңінен насихаттау, жастарды күштік спортпен айналысуға ынталандыру және салауатты өмір салтын дәріптеу.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button