Италиялық туристті Астанаға қайта әкелген не?
Астана күні қарсаңында елордада «Мерекелік саябақ» қалалық фестивалі басталды. Алғашқы іс-шара Өнер музейінде өтіп, келушілер ұлттық музыкалық аспаптармен танысып, шеберлік сағаттарына қатысып, дәстүрлі өнерді жақыннан тамашалады.
Астанада Астана күніне арналған «Мерекелік саябақ» қалалық фестивалі басталды. Оның алғашқы алаңы ретінде Өнер музейі таңдалды.
Музейде Ашық есік күні ұйымдастырылып, Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени бағдарлама, ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі және түрлі шеберлік сағаттары өтті. Келушілер жетіген, сазсырнай және басқа да дәстүрлі аспаптардың тарихымен танысып, оларда ойнап көруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ қонақтар киіз үй мен домбыра жасаудың қыр-сырын меңгеріп, ұлттық ойындарға, флешмобтарға және танымдық бағдарламаларға қатысты.
Өнер музейінің басшысы Баянды Сахарияұлы фестивальдің басты мақсаты ұлттық мұраны заманауи форматта таныстыру екенін айтты.
«Біз көне музыкалық аспаптарды қайта жаңғыртып қана қоймай, оларды бүгінгі көрерменге жақын әрі қызықты етіп ұсынамыз. Бұл жолы музей қорындағы деректер негізінде жасалған тарихи домбыралардың көшірмелерін де таныстырдық», – деді ол.
Фестиваль қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Италия азаматы Даниэль. Ол ұлттық аспаптарды жақыннан көріп, олардың қалай жасалатынын білу ерекше әсер қалдырғанын айтты.
«Концертті тыңдап қана қоймай, аспаптардың жасалу жолын көру мен үшін өте қызықты болды. Мұндай аспаптардың көпшілігі Батыс музыканттарына беймәлім, сондықтан бұл ерекше тәжірибе», – деді ол.
Фестивальдің негізгі бағдарламасы 5–6 шілде күндері Астананың Орталық саябағында жалғасады. Қонақтарды арт-нысандар, стрит-арт аймағы, балалар алаңдары, қолөнер және шығармашылық шеберлік сағаттары, қазақстандық мультфильмдер көрсетілімі, отбасылық ойындар, спорттық белсенділіктер және ашық аспан астындағы концерттер күтеді.



