Домбыра мен жасанды интеллект тоғысса не болады?
Ұлттық домбыра күні мен Астана күні қарсаңында елорданың жазғы амфитеатрында жанды музыка, халық өнері және заманауи технологияларды біріктірген мультимедиялық музыкалық қойылым көрерменге жол тартты.
Астанадағы қалалық жазғы амфитеатр сахнасында Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған мультимедиялық музыкалық қойылым өтті.
Жоба қазақтың дәстүрлі музыкасын заманауи форматта таныстырып, домбыра өнерінің тарихи маңызы мен мәдени құндылығын жаңа технологиялар арқылы көрсетуге бағытталды.
Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ақерке Жұманбаеваның айтуынша, Астана күніне орай елордада 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.
«Біз әрбір тұрғын мен қала қонағы өзіне ұнайтын іс-шараны таңдап, мерекелік атмосфераны сезінгенін қалаймыз. Ұлттық домбыра күні ұлттық мәдени дәстүрлер мен жасанды интеллект үйлесім тапқан ерекше жобамен аталып өтті. Күні бойы қала тұрғындары домбырамен және өзге ұлттық аспаптармен танысып, балалар аспапта ойнауды үйренді, шеберлік сабақтарына қатысты. Кештің шарықтау шегі ашық аспан астындағы концерт болды. Онда жанды музыка мен халық өнері ең заманауи технологиялармен үндесті», – деді Ақерке Жұманбаева.
Айта кетейік, мереке аясында елордада ұлттық музыкалық мұраны дәріптеуге арналған интерактивті және мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.



