100 мыңнан астам адам жиналған концерт: Астана күні қалай тойланды?
Астана күні мерекесіне орай елордада өткен ауқымды Open Air концерттері қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Екі бірдей ірі сахнада ұйымдастырылған мерекелік кештерді жалпы саны 100 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Биылғы концерттік бағдарламалар «Астана Арена» стадионының аумағында және «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда қатар өтті. Күндіз мерекелік кеңістіктерде қолөнер жәрмеңкесі, фуд-корттар, балалар мен отбасыларға арналған ойын-сауық аймақтары жұмыс істеп, кешке қарай көрермен назары басты концерттік бағдарламаға ауды.
«Астана Арена» алаңындағы концерттің ерекшелігі – жасанды интеллект технологиялары мен заманауи мультимедиялық шешімдердің кеңінен қолданылуы болды. Көрермендер «Формат» тобы, Маржан Арапбаева, Raim, Ерке Есмахан, Әлішер Кәрімов, BAYANSULU, Alem, Bellucci, Yenlik, Abik Jeksen және Қайрат Нұртас орындаған әндерді бірге шырқады. Концерт тізгінін Линара Есен мен Дарын Олжабай ұстаса, бағдарламаға арнайы жасалған жасанды интеллект негізіндегі цифрлық жүргізуші Батыржан Тазабеков та қатысты.
Мерекелік концерт «Қазақ елі» монументі алаңында да жоғары деңгейде өтті. Бұл сахнада «МузАрт» тобы, Айқын Төлепберген, Ерке Есмахан, Raim, Kalifarniya, BAYANSULU, Yenlik, Қазыбек Құрайыш, Қуандық Амандық, DOS, Абзал Өтешов, Didar және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кеш барысында қолданылған жарық шоуы, цифрлық графика және жасанды интеллект элементтері концерттердің көркемдік мазмұнын толықтырып, ерекше атмосфера қалыптастырды.
Көрермендердің айтуынша, мұндай ашық аспан астындағы концерттер Астана күнінің сәнін келтіріп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлаған. Жас көрермен Арманның сөзінше, көпшіліктің бірге ән айтып, мерекелік көңіл күйді бөліскені ерекше есте қалған.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, Астана күні аясында таңертеңнен кешке дейін концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар, көрмелер және түрлі мәдени-отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сол мерекелік бағдарламалардың шарықтау шегі ауқымды Open Air концерттері болды.



