BaiQymyz-2026: ұлттық киім киіп, жылқы мініп қайтыңыз
11-12 шілде күндері өтетін BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестиваліне ұлттық киіммен келген қонақтар үшін ерекше мүмкіндік бар. Фестиваль аясында «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» байқауы ұйымдастырылып, ең үздік ұлттық образдың иесіне жылқы сыйға беріледі.

Байқауға фестиваль қонақтарының барлығы қатыса алады. Ол үшін қазақы нақыштағы ерекше киім үлгісін киіп келу жеткілікті. Қазылар алқасы қатысушылардың образындағы ұлттық элементтердің үйлесіміне, киімнің ерекшелігіне және дәстүрлі стильді жаңаша ұсына білуіне назар аударады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты – ұлттық киім мәдениетін насихаттап, қазақтың салт-дәстүрі мен сән үлгілерін кеңінен таныту.
Еске салайық, BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі 11-12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өтеді. Бағдарламада қымыздың сан түрінен дәм тату, «Үздік қымыз» халықаралық байқауы, жылқының ұлттық тұқымдары көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі, концерттер, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар және басқа да этномәдени іс-шаралар жоспарланған.
Фестиваль билеттері Ticketon платформасында сатылымда. Қонақтар бір күндік немесе екі күндік билетті таңдай алады. Ал зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.



