Мәдениет

Қостанайдың креативті әлеуеті Астанада таныстырылды

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өткен QOSTANAI CREATIVE CULTURE креативті жәрмеңкесі Қостанай облысының мәдени мұрасы мен заманауи шығармашылық әлеуетін көпшілікке таныстырды.

Іс-шара «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaqреспубликалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Екі күнге созылған жәрмеңкеге мыңнан астам адам қатысып, өңірдің шығармашылық өнімдері мен инновациялық жобаларымен танысты.

Көрмеде Қостанай өңірінің ұлттық қолөнері, тарихи-мәдени құндылықтары, авторлық брендтері, дизайнерлік туындылары және креативті индустрия саласындағы тың бастамалары ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар өңірлік кәсіпкерлер мен шығармашылық өкілдеріне өз өнімдерін таныстырып, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкенің ерекше назар аудартқан экспонаттарының бірі – биыл Қостанай облысына бұйырған республикалық «Алтын домбыра» айтысының бас жүлдесі болды. Келушілер жүлде иегері Айбек Қалиевпен кездесіп, ұлттық музыкалық аспаптар көрмесін, домбыралар топтамасын және тарихи тұлғаларға арналған арнайы экспозицияларды тамашалады.

Бағдарлама аясында Қостанай дизайнерлерінің этностильдегі сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

Жастардың инженерлік әлеуеті де назардан тыс қалмады. Қостанай өңірлік университетінің студенттері өздерінің инновациялық жобаларын ұсынып, Қазақстандағы алғашқы студенттік жарыс болидін көрерменге таныстырды.

Қолөнерді дәріптеу мақсатында зергерлік бұйым жасау, ағаш және былғары өңдеу, киіз басу, қыш өнері мен ұлттық ою-өрнек бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өтті. Келушілер шеберлердің жұмысын тамашалап қана қоймай, ұлттық бұйымдарды жасау процесіне өздері де қатысуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкенің мәдени бағдарламасы «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертімен қорытындыланды. Өнер ұжымы қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын насихаттап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, QOSTANAI CREATIVE CULTURE жәрмеңкесі өңірдің шығармашылық әлеуетін таныстырумен қатар, креативті индустрия өкілдерінің тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестіктердің қалыптасуына және бірлескен жобалардың дамуына жол ашатын маңызды алаңға айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button