Білім

2035 жылға дейін Астанада қанша мектеп салынады?

Елордада мектеп тапшылығын азайту және білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаланың Бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға дейін шамамен 140 жаңа мектеп салу көзделген.

Қала басшысы білім беру жүйесін дамыту тек жаңа ғимараттар тұрғызумен шектелмейтінін атап өтті. Бұл бағытта білікті педагогтарды даярлауға да ерекше назар аударылып келеді. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артқан.

Бүгінде қала әкімдігінің білім гранттары арқылы екі мыңға жуық студент педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуда. Ал соңғы үш жылдың өзінде 1 314 түлек оқуын тәмамдап, білім беру саласына жолдама алған.

2026–2030 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 303 грант қарастырылған. Оның 188-і болашақ педагогтарды даярлауға бағытталған.

Мұғалім кадрларын даярлау әлеуетін күшейту мақсатында Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт жұмыс істейді. Қазір мұнда 36 білім беру бағдарламасы бойынша 4 611 студент білім алып жатыр.

Алдағы оқу жылында елордада тағы 12 жаңа білім беру ұйымы ашылады. Соңғы жылдары пайдалануға берілген 44 мектептің арқасында мыңдаған оқушыға қосымша орын жасалып, үш ауысымды және орын тапшылығы мәселесін азайтуға мүмкіндік туды.

Сонымен қатар, қазірдің өзінде 2027 жылы салынатын мектептердің жобалық құжаттамасын әзірлеу басталған. Қала әкімдігі халық санының өсуін ескере отырып, жаңа білім беру нысандарын кезең-кезеңімен пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button