Counter-Strike пен футбол бір турнирде: Астанада «Future Games 2026» өтеді
29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада халықаралық «Future Games 2026» мультиспорт турнирі өтеді. Жарысқа 800-ден астам қатысушы келіп, оны 100 мыңнан астам көрерменнің тамашалауы күтіледі.

29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана халықаралық «Future Games 2026» мультиспорт турнирін қабылдайды. Жарыстың ерекшелігі – цифрлық ойындар мен дәстүрлі спортты біріктіретін фиджитал форматында өтуі.
Бұл форматта командалар алдымен ойынның цифрлық нұсқасында бақ сынап, кейін сол жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады. Мәселен, баскетбол кездесуі әуелі виртуалды ортада басталып, кейін кәдімгі алаңда аяқталады.
Турнир бағдарламасына сегіз фиджитал дисциплина енген:
- фиджитал-шутер (Counter-Strike 2);
- MOBA PC (Dota 2);
- MOBA Mobile (Mobile Legends: Bang Bang);
- battle royale (PUBG: BATTLEGROUNDS);
- фиджитал-жекпе-жек (Fatal Fury: City of the Wolves);
- фиджитал-футбол (UFL);
- фиджитал-баскетбол (3on3 FreeStyle);
- фиджитал-билер (Just Dance).
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирге 800-ден астам спортшы, 50-ден астам ұлттың өкілдері қатысады. 12 күн ішінде жарысты 100 мыңнан астам көрерменнің тамашалауы жоспарланып отыр.
Жарыстар елорданың ірі спорт нысандарында өтеді: «Барыс Арена», Beeline Arena, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында.



