Мәдениет

Ұлытаудың қолтаңбасы елорда төрінде

Астанада Creative Aimaq көрмесі өз жұмысын бастады. Биылғы жобаның басты ерекшелігі – Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасына ерекше назар аударылуы. Көрме ұлттық өнер мен заманауи креативті индустрияларды бір алаңда тоғыстырды.

Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан көрмеде Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасы заманауи дизайн, қолөнер, этно-сән және цифрлық технологиялар арқылы таныстырылуда.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, көрме өңірдегі шығармашылық кәсіпкерлер үшін жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр.

«Біз Астанаға “Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер” тақырыбымен келдік. Таңертеңнен бастап көрмеге келушілердің қызығушылығы жоғары. Ұлытаудан 60-қа жуық кәсіпкер келіп, өз өнімдерін елорда тұрғындары мен туристерге ұсынып жатыр. Көрмеде туындыларды тамашалап қана қоймай, сатып алуға да болады. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік», – деді ол.

Оның айтуынша, көрме барысында шеберлер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, басқа өңірлерден келген кәсіпкерлермен жаңа серіктестік байланыстар орнатып, болашақ бірлескен жобаларды талқылап жатыр.

Көрмеде ұлттық қолөнер бұйымдарымен қатар креативті индустрияның жаңа бағыттары да ұсынылған. Атап айтқанда, Ұлытаудан келген IT саласының өкілдері өңірдің табиғаты, тарихы мен салт-дәстүрін таныстыратын цифрлық жобалар мен мультимедиалық жұмыстарын көпшілік назарына шығарды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар өңірдегі шығармашылық индустрияның дамуына серпін беріп, қазақстандық өнімдерді кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button