Мәдениет

Кітапты мұқабасына қарап бағалама: Астанада ерекше әдеби акция өтті

Астанада «Jibek Joly» сауда ойын-сауық орталығында «Мұқабадан тыс» атты ерекше әдеби акция өтті. Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

Жобаның мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, жастар мен қала тұрғындарының әдебиетке қызығушылығын арттыру және оқырман мен кітап арасындағы байланысты жаңа форматта қалыптастыру.

Акцияның басты ерекшелігі – қатысушылар сыртқы мұқабасы жасырылған кітаптардың бірін таңдап, шығармамен алдын ала авторына немесе атауына емес, ішкі түйсігі арқылы танысты. Осылайша кітаптың мазмұнына деген қызығушылықты арттыру көзделді.

Бағдарлама аясында қазақ әдебиеті мен қаламгерлеріне арналған викторина ұйымдастырылып, қатысушылар білімдерін сынады.

Шара барысында қатысушыларға 50 кітап тегін таратылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мұқабадан тыс» жобасы кітап оқуды дәріптеудің креативті форматы ретінде тұрғындардың қызығушылығын арттырып, әдебиетке жақындатуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button