Comic Con Astana тағы бір әлемдік хэдлайнерін жариялады
«Ұшталған күнқағар» сериалының жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық. Comic Con Astana 2026 фестивалінің төртінші халықаралық хедлайнері ретінде Артур Шелби рөлімен танылған британдық актер Пол Андерсон келмек.

Comic Con Astana 2026 фестивалі тағы бір жұлдызды қонағын таныстырды. Биылғы фестивальдің төртінші халықаралық хедлайнері – «Ұшталған күнқағар» (Peaky Blinders) сериалындағы Артур Шелби рөлі арқылы әлемге танылған британдық актер Пол Андерсон.
Фестиваль аясында актер басты сахнада жанкүйерлермен кездесіп, шығармашылық жолы мен танымал жобалардағы тәжірибесі туралы баяндап береді. Сондай-ақ сұрақтарға жауап беріп, фото және қолтаңба сессияларына қатысады.
Пол Андерсон «Аман қалған» (The Revenant), «Аңыз» (Legend), «Шерлок Холмс: Көлеңкелер ойыны», «Қорқыныш аллеясы» фильмдеріндегі рөлдерімен де белгілі.
Осылайша Comic Con Astana өз тарихында алғаш рет бірден төрт халықаралық хедлайнерді жинамақ. Бұған дейін фестивальге Николай Костер-Вальдау, Иньяки Годой және Таз Скайлар қатысатыны хабарланған болатын.
Биыл фестиваль қонақтарын 20 миллион теңгелік халықаралық косплей байқауы, ойын аймақтары, блогерлер мен суретшілердің кездесулері және поп-мәдениетке арналған ондаған интерактивті алаң күтеді.
Comic Con Astana 2026 6-9 тамыз аралығында Астанадағы «Барыс Арена» мен «Алау» мұз сарайында өтеді.



