ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ АРТЁМ МАТУСЕВИЧ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ
Бүгін Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Матусевичті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Тарихи жетістікке қол жеткізген спортшыны туған-туыстары, достары, командаластары, Қазақстан академиялық ескек есу федерациясының өкілдері, Астана қаласының спорт қауымдастығы және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері жылы қарсы алды.
Германияның Дуйсбург қаласында өткен әлем чемпионатында Артём Матусевич жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сында үздік үштікке еніп, қола жүлдені иеленді. Осы нәтижесі арқылы ол академиялық ескек есуден әлем чемпионатында медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық спортшы атанып, отандық спорт тарихында жаңа белеске жол ашты.
Биылғы әлем біріншілігіне 49 елден 600-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан намысын бес ескек есуші қорғап, қорытындысында бір қола медаль еншіледі. Бұл нәтиже елімізді жүлде алған 13 мемлекеттің қатарына қосты.
Айта кетерлігі, бұл – Қазақстанның академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Осыған дейін қазақстандық спортшылар аталған жас санатындағы әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілмеген болатын.
Еске сала кетейік, өткен жылы Артём Матусевич Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында үздік ондыққа еніп, тоғызыншы орынды иеленген еді. Ал Дуйсбургтегі қола жүлде – оның халықаралық деңгейдегі тұрақты әрі табысты өнерінің айқын дәлелі.



