«Болашақ ойындары – 2026»: Астанаға әлемнің үздік фиджитал спортшылары жиналды
«Болашақ ойындары – 2026» турниріне қатысатын командалар мен спортшылардың толық құрамы белгілі болды. Бұл туралы World Phygital Community ұйымының өкілі Дэвид Фенг Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қатысушылар құрамы бірнеше апта бұрын өткен Phygital Contenders халықаралық іріктеу турнирінің қорытындысы негізінде жасақталған. Жарыс барысында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен спортшылар әлемдік додаға жолдама алды.
Бүгінде World Phygital Community фиджитал спортты дамытуға бағытталған әлемдік қауымдастық ретінде қалыптасып, 100-ден астам елдің ұлттық ұйымдарын біріктіріп отыр. Өткен маусымда қатысушылар халықаралық іріктеу кезеңдерінде өз шеберліктерін дәлелдеп, басты турнирге қатысу құқығына ие болды.
«Алдағы 12 күн ішінде «Болашақ ойындары – 2026» аясында сегіз спорттық бағыт бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Бұл додада әлемнің үздік спортшылары мен киберспортшылары өздерінің шеберлігі, төзімділігі және жан-жақтылығы бойынша сынға түседі», – деді Дэвид Фенг.
Айта кетейік, халықаралық турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 800-ден астам спортшы мен киберспортшы қатысып, фиджитал спорттың түрлі дисциплиналарында жеңіс үшін бақ сынайды.



