Астанада «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы басталды
Елордада балалар мен жастарға арналған «Ұлттық қолөнер мектебі» республикалық жобасы өз жұмысын бастады. Бастаманың негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, жас ұрпаққа ұлттық мұраны тәжірибе арқылы үйрету және қолөнердің сабақтастығын жалғастыру. Жоба Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 450-ден астам өтінім қабылданып, олардың ішінен 208 бала мен жас іріктелген. Сонымен қатар Қазақстанның әр өңірінен 331 қолөнер шебері өтініш беріп, нәтижесінде өз ісінің үздік 10 маманы таңдалды. Олар үш апта бойы қатысушыларға ұлттық қолөнердің қыр-сырын тәжірибелік сабақтар арқылы үйретеді.
Бағдарлама аясында зергерлік өнер, киіз басу, көркем тоқыма, ши тоқу, қыш өнері, керамика, сүйек ою, тері өңдеу және ағаш өңдеу секілді ұлттық қолөнердің 10 бағыты қамтылған. Барлық сабақтар тегін өткізіліп, қатысушылар қажетті материалдармен және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті қыш өнері бағыты да қарастырылған. Бұл олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық өнермен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
Сабақтар Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін әр қатысушы өз қолымен жасаған авторлық бұйымын қорытынды көрмеде таныстырады. Сонымен қатар барлық қатысушыға арнайы сертификат табысталады. Ұйымдастырушылар бұл жобаны алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.



