Мәдениет

Абайдан Астанаға: ұлттық мұра мен креативтің жаңа тынысы

1–2 тамыз күндері Астанада «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» атты ауқымды креативті көрме-жәрмеңкесі өтеді. Qazaq Creative Hub орталығында ұйымдастырылатын шарада Абай облысының бай мәдени мұрасы, ұлттық қолөнері мен заманауи шығармашылық әлеуеті көпшілік назарына ұсынылады.

Көрме-жәрмеңке барысында келушілер өңір шеберлерінің қолдан жасалған бірегей бұйымдарын тамашалап қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие болады. Барлығы 842 туынды қойылады. Оның ішінде киізден жасалған бұйымдар, текемет, кілем, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи киімдер, зергерлік әшекейлер, ағаш пен теріден жасалған бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар, кәдесыйлар және Семей суретшілерінің картиналары ұсынылады.

Өнер сүйер қауым үшін көрменің ерекше тартуы – танымал қылқалам шебері Виктор Шмидттің «Рақмет және кешір» картинасы. Сонымен қатар Абай музейі, Абай кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы экспозицияларын ұсынады.

Заманауи технологияларға қызығатындар үшін Abai IT Valley алаңында өңірдің ІТ жобалары мен жасанды интеллект бағытындағы тың әзірлемелері көрсетіледі. Бұл алаң жастар мен инновацияға қызығушылар үшін ерекше мүмкіндік болмақ.

Көрме қонақтары Абай өңірінің ұлттық тағамдарынан да дәм тата алады. Келушілерге «Адал ас» ұлттық тәттілері, BaiQymyz-2025 халықаралық фестивалінің бас жүлдесін иеленген Саржал ауылының қымызы және Qaziceкомпаниясының саумалдан жасалған балмұздағы ұсынылады.

Егер ұлттық өнерді бағалайтын болсаңыз, бірегей қолөнер бұйымдарын іздесеңіз немесе Абай өңірінің мәдениеті мен креативті жобаларымен жақынырақ танысқыңыз келсе, осы көрме-жәрмеңкені жіберіп алмаңыз.

Өтетін күні: 1–2 тамыз
Уақыты: 10:00-ден бастап
Өтетін орны: Qazaq Creative Hub, Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2.

Басқа жаңалықтар

Back to top button