Comic Con Astana: фестивальдің алғашқы күні несімен есте қалды?
Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды. Алғашқы күннің өзінде кино, аниме, комикс, бейнеойын және косплей жанкүйерлері бір алаңға жиналып, фестиваль нағыз поп-мәдениет мерекесіне айналды.
Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күні мазмұнды әрі әсерлі өтті. Қонақтарды концерттік бағдарлама, интерактивті аймақтар, шеберлік сабақтары, ойын алаңдары және арнайы шақырылған қонақтар қарсы алды.
Күні бойы сахнада музыкалық және би қойылымдары, түрлі ойындар мен көрермендерге арналған бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар келушілер бейнеойындар, үстел ойындары, тарихи қару-жарақ макеттері, кино реквизиттері мен жаңа ойын технологиялары ұсынылған ондаған тақырыптық аймақты аралады.
Фестиваль маркеті де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнда поп-мәдениетке арналған мерч, кәдесыйлар және авторлық өнімдер ұсынылды. Ал шеберлік сабақтарында қатысушылар сахналық грим жасауды үйреніп, самурай қылышымен жұмыс істеу өнерімен танысты.
Comic Con-ның басты ерекшеліктерінің бірі саналатын косплей биыл да көпшіліктің назарында болды. Қонақтар фильм, сериал, аниме және бейнеойын кейіпкерлерінің образындағы қатысушылармен суретке түсіп, ерекше костюмдерді тамашалады. Көптеген киімдер толықтай қолмен жасалған.
Фестиваль қонағы Ясминнің айтуынша, Comic Con-ның басты құндылығы – оның ерекше атмосферасында.
«Мен үшін алғашқы күн керемет өтті. Мұнда өзімді үйдегідей сезінемін, өз адамдарымды таптым. Ешкім сені белгілі бір қалыпқа салмайды. Өзің болып, еркін араласып, суретке түсіп, атмосферадан ләззат аласың. Биыл ерекше косплейлердің көбейгені қуантады», – дейді ол.
Маргарита фестивальге былтыр да келген. Оның айтуынша, биылғы бағдарлама бұрынғыдан да ауқымды.
«Өткен жылы да келгенмін, сондықтан салыстыра аламын. Биыл белсенділіктер әлдеқайда көп. Сахнасы мен бағдарламасы өте ұнады. Әлі барлық аймақты аралап үлгермедім, бірақ міндетті түрде шеберлік сабақтарына және Kamui-дің қолтаңба сессиясына барғым келеді», – деді ол.
Ал Даниеланың пікірінше, Comic Con-ның басты артықшылығы – ортақ қызығушылығы бар адамдарды кездестіру мүмкіндігі.
«Маған қойылымдар, әдемі косплейлер, арнайы қонақтар және маркет өте ұнады. Мұнда жаңа достар тауып, өзіңді үлкен қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінесің», – деді фестиваль қатысушысы.
Comic Con Astana 2026 фестивалі 9 тамызға дейін жалғасады. Алда халықаралық хедлайнерлермен кездесулер, қолтаңба сессиялары, косплей байқауы, жаңа қойылымдар және ондаған тақырыптық алаң қонақтарын күтеді.



