ASTANA SPORT POWER FEST екінші маусымын бастайды

Елорда тұрғындарын спортқа, белсенді өмір салтына және көңілді демалысқа шақыратын ASTANA SPORT POWER FEST жобасы биыл екінші маусымын бастайды. Ашық аспан астындағы спорттық фестиваль 15 тамыздан 5 қыркүйекке дейін әр сенбі сайын Орталық саябақта өтеді.
Жобаның алғашқы шарасы 15 тамыз күні сағат 17:00-де Атырау көпірінің маңында ұйымдастырылады.
ASTANA SPORT POWER FEST – кәсіби спортшыларға ғана емес, спортпен айналысуды енді бастағандар мен белсенді демалысты ұнататын барша қала тұрғынына арналған ашық алаң. Қатысушылар мұнда жаттығып қана қоймай, түрлі спорттық сайыстарға, байқаулар мен белсенді ойындарға қатысып, өз күшін сынай алады.
Фестиваль аясындағы барлық іс-шараға қатысу тегін. Ал жарыстарда үздік нәтиже көрсеткендерге жоба демеушілерінен бағалы сыйлықтар мен арнайы жүлделер табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік жасау және «Астана – есірткісіз қала»бастамасы аясында есірткісіз қоғам құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Жалпы, фестиваль төрт кезеңнен тұрады. Әр сенбі сайын сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін Орталық саябақта спорт, ойын-сауық және көтеріңкі көңіл-күй тоғысады.



